Колледждің ардагер, тәжірибелі, ұлағатты ұстазы Жұмат Нұрбергенұлы

Нағыз педагог болу үшін үнемі іздену, өз білімін заман талаптарына сай ғылыми – теориялық ақпараттармен толықтырып отыру қажет. … Сондай ұстаздарымыздың бірі колледждің ардагер, тәжірибелі, ұлағатты ұстазы Жұмат Нұрбергенұлы. Майталман ұстаз бала кезінен техникаға жаны жақын болған. Сол арманымен мамандығын игеріп жүздеген шәкірттер тәрбиелеген. Шәкірттеріне қоғам өмірінде автокөліктің қажет екенін ұғындыру, өз мамандығының мақтанышы болуына тəрбиелеу кәсіби білікті маманның басты мақсаты болды. Бүгінгі әдістемелік күнде Жұмат Нұрбергенұлы «Арнайы пән сабақтарында оқытушылардың танымдық белсенділігін арттыру және білімдік дағдыларын қалыптастыру» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Ұстаздың білім алушылардың мамандығына сай жабдықтаған кабинеті өте ұқыпты, әрбір кабинеттегі құралдарынан тиянақтылық байқалады. Ұстаз жоқтан бар жасап өз күшімен жаңа материалдарды меңгертуде керекті техникалық құралдарды, машина бөлшектерін, плакаттарды жинақтаған. Себебі студенттердің материалды сапалы түсініп, есінде берік сақтауын қамтамасыз етуде көрнекіліктің мәні зор деп атап көрсетті. Сонымен бірге заманымыздың негізгі талабы – бүгінгі қоғамдағы ақпараттану желісінің негізгі құралы – компьютерді жетік меңгерген Жұмат Нұрбергенұлы өзінің сабақтарында автокөліктер техникалық қызмет көрсетуі, жөндеуі жəне жүрісі жайлы ұстаздың өзі дайындаған қазақ тіліндегі бейнематериалдар арқылы болашақ маман иелерінің сабақты игеруге қызығушылығын арттыруды негізгі міндетім деп санайды. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нəрсе» десек, Абай атамыз айтқандай «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды сүйсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дегендей Жұмат Нұрбергенұлының өнегелі жолы, ұстаздық тәжірибесі көптеген әріптестерімізге үлгі болары хақ. Колледждегі әріптестері ұлағатты ұстазға алғыстарын білдірді.