Колледж білім – кәсіби жетістік негізі!

Оқу бағдарлама сипаттамасы

«Философия» пәнін оқып үйрену мақсаты студенттердің философияны дүниені танып-білудің ерекше формасы ретінде түсінуін қалыптастырып, олардың келешек кәсіби қызметтері аясында оның негізгі мәселелері мен әдістері туралы тұтас білім беру.

Студенттердің бойында сананың ашықтығы, ұлттық сана-сезім, рухани жаңғыру, сыни ойлау, бәсекеге қабілеттілік, дүниетанымдық ұғымдарды игеруіне, әділдік, еркіндік, толеранттық құндылықтарын, мәдениет аралық сұқбат пен бейбіт өмір сүру мәдениетін дамытуға бағытталған.

«Мәдениеттану» пәнін оқып үйрену мақсаты студенттерді адамзаттың мәдени жетістіктері мен мәдениет дамуының  заңдылықтары, теориялық аспектілері туралы базалық білімді қалыптастыру.

Пән студенттердің қоғамдық қатынастардың мәдени-өркениеттік саласы бойынша білім алуға, толықтыруға және жүйелеуге бағытталған. Курс мәдениеттану ғылымының негізгі ұғымдары, заңдылықтарын, ұлттық мәдениеттің қалыптасуы мен қазіргі әлемдік үдерістер аясындағы қазақ мәдениетінің даму бағыттарын қамтиды.

«Қоғамға қызмет»  пәнінің негізгі мақсаты студенттердің қоғамның нақты мәселелерін шешуге ұсыныс қосу арқылы белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыруға және жобалық іс-әрекет дағдыларын меңгеруге, тиімді коммуникацияның психологиялық негіздерін түсінуге, сыни ойлауға бағытталады. Теориялық материал барысында балалар волонтерлік қызмет, көшбасшылық, сыни ойлау тақырыптарды оқып, проблемаларды анықтап, жобалар жасайды.

Курстың мақсаты ұлтаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі негізінде полиэтникалық және поликонфесионалды орта жағдайында этносаяси құзыреттілікті, төзімді сана мен мінез-құлықты қалыптастыру болып табылады. Қоғамдық қызметте және кәсіби салада жалпы этносаяси жағдайдың даму себептері мен салдарын бағалау бойынша игерілген технологияларды қолдану.

Пән ұлтаралық толеранттылық бойынша негізгі тақырыптарды қамтиды және ұлттық саясаттың теориялық негіздерін, ұлтаралық  жанжалдар, Қазақстанда полиэтникалық қоғамды қалыптастырудың негізгі кезеңдері мен ерекшеліктерін, ұлтаралық толеранттылықтың қазақстандық моделінің ерекшеліктерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік этносаясатының нормативтік-құқықтық негіздерін оқытуға бағытталған.

Философия және ғылым методологиясының  негізгі мәселелері,  аса маңызды кезеңдері мен даму тарихындағы ғылыми философиялық ойлар  қарастырылып, әр түрлі бағыттар мен мектептер шеңберінде зерделенеді.

Ғылымның даму заңдылықтары, ғылыми гипотезалар мен теорияның қалыптасуы, ғылымды философиялық тұрғыда талдау, сондай-ақ ғылыми танымның ерекшелігі туралы түсінік береді.