Академиялық ұтқырлық

Жалпы ережелер

1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылар мен педагогтердің академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 50) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ТжКОБ) білім алушылары мен педагогтерінің академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру тәртібін айқындайды. 

 2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 

1) академиялық ұтқырлық – білім алушыларды немесе педагогтерді оқыту, тағылымдамадан өту үшін белгілі бір академиялық кезеңге (семестрге немесе оқу жылына) өзінің техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымында немесе оқуды жалғастыру үшін басқа техникалық және кәсіптік,  орта білімнен кейінгі білім беру ұйымында академиялық кредиттер түрінде меңгерген оқыту нәтижелерін (модульдерін), оқу бағдарламаларын, пәндерін міндетті түрде қайта есепке ала отырып, басқа техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымына (ел ішінде немесе шет елге) ауыстыру; 

   2) кредиттік ұтқырлық – білім алушылардың немесе педагогтердің басқа оқу орындарына бір академиялық кезеңнен аспайтын шектеулі мерзімге ауысуын көздейтін академиялық ұтқырлық түрі; 

  3) үлгерімнің орташа балы (Grade Point Average — GPA) (Грейд Пойнт Эверейдж) – таңдап алған бағдарлама бойынша белгілі бір кезең аралығында білім алушының қол жеткізген оқу жетістіктері деңгейінің орташа өлшемді бағасы (оқу жұмысының барлық түрлері бойынша қорытынды баға балдарының сандық баламасының кредит туындылары сомасының аталған оқу кезеңіндегі жұмыс түрлеріне берілген кредиттердің жалпы санына қатынасы). 

Ел ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру

 1. Академиялықұтқырлықты қамтамасыз ету үшін білім алушылар басқа ТжКОБ ұйымдарында ел ішінде жекелеген пәндерді/модульдерді зерделейді. 

 2. Ел ішінде академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша оқуға жіберу ТжКОБ ұйымдары арасында жасалған шарттар/келісімдер негізінде жүзеге асырылады. 

 3. Білім алушыларды академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша оқуға жіберу: 

      1) жергілікті бюджет қаражаты; 

      2) ТжКОБ ұйымы ақылы қызметтерді көрсетуден алған кірістер; 

     3) жұмыс берушілердің гранттары, білім беру ұйымдары құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары есебінен қалыптасатын қор, қайырымдылық   көмек өтеусіз аударымдар және қайырмалдықтар; 

      4) білім алушылардың жеке қаражаты арқылы жүзеге асырылады. 

 4. Ел ішіндегі академиялық ұтқырлыққа қатысу үшін білім алушыларға арналған конкурс туралы хабарландыру және құжаттар тізбесі ТжКОБ ұйымының ресми сайтында орналастырылады. Құжаттар тізіміне мыналар кіреді: 

      1) өтініш (өтініштерді қабылдау академиялық кезең басталғанға дейін үш айдан кешіктірілмей жылына екі рет жүзеге асырылады); 

      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес академиялық ұтқырлық бойынша оқуға үміткер білім алушының толтырылған сауалнамасы; 

      3) жеке куәліктің және/немесе паспорттың көшірмесі; 

      4) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес транскрипт;  

      5) оқуға жіберуге үміткердің заңды өкілінің нотариалды куәландырылған келісімі (18 жасқа толмаған адамдар үшін). 

      ТжКОБ ұйымы осы Қағидалардың 5-тармағының  2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген қаражат есебінен қаржыландырылатын академиялық ұтқырлық бойынша білім алушылар үшін конкурс өткізу кезінде конкурс қорытындысы бойынша шешім қабылдайды. 

      5. ТжКОБ ұйымдарында академиялық ұтқырлық бойынша ел ішінде оқуға үміткерлерді іріктеуді жүзеге асыратын комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады. Комиссия құрамы ТжКОБ ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі. 

      Комиссия шешімінің негізінде хаттама жасалады және білім алушыларды академиялық ұтқырлық бойынша оқуға жіберу туралы ТжКОБ ұйымның бұйрығы шығарылады. 

      6. Академиялық ұтқырлыққа қатысуға үміткерлерді конкурстық іріктеудің негізгі өлшемшарттары:  

      білім алушының тиісті мамандық/біліктілік бойынша кемінде екі академиялық кезеңді аяқтауы; 

       білім алушының үлгерімінің орташа балы (GPA) кемінде 2,5 баллды құрауы;  

      кем дегенде 16 жасқа толуы. 

      7. Академиялық ұтқырлық бойынша білім алушының оқуын растайтын қорытынды құжат транскрипт болып табылады. Транскриптке осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес оқыту бағдарламасы туралы мәліметтер енгізіледі. 

      8. Академиялық ұтқырлық шеңберінде білім алушылардың толық көлемде игерген және транскриптпен расталған оқыту нәтижелерін ТжКОБ ұйымымен міндетті түрде қайта есептелінеді. 

     9. Білім алушы академиялық ұтқырлық шеңберінде білім беру бағдарламасы бойынша бітіру курсында оқыған кезде жеке оқу жоспарының барлық талаптарын орындаған және оның оқу нәтижелері мойындалған жағдайда ТжКОБ жіберуші ұйымында қорытынды аттестаттаудан өтеді. 

ШЕТЕЛДЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК, ОРТА БІЛІМНЕН КЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҒЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

1.Академиялық ұтқырлықты қамтамасыз ету үшін білім алушылар шетелдік ТжКОБ ұйымдарында жекелеген пәндерді/модульдерді зерделейді. 

2. Шетелде академиялық ұтқырлық бойынша оқуға жіберу Қазақстан Республикасының және шет елдердің үкіметтері немесе ведомстволары арасында жасалған шарттар мен келісімдер шеңберінде ТжКОБ ұйымдары арасында жасалған шарттар/келісімдер негізінде жүзеге асырылады. 

3. Білім алушыларды академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелге оқуға жіберу: 

     1) жергілікті бюджет қаражаты; 

  2) ТжКОБ ұйымы ақылы қызметтерді іске асыру нәтижесінде алынғын табыстары; 

   3) жұмыс берушілердің гранттары, білім беру ұйымдары құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары есебінен қалыптасатын қор, қайырымдылық көмек, өтеусіз аударымдар және қайырмалдықтар; 

    4) білім алушылардың жеке қаражаттары есебінен жүзеге асырылады. 

 4. Шетелде академиялық ұтқырлыққа қатысу үшін білім алушыларға арналған конкурс туралы хабарландыру және құжаттар тізбесі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органының ресми сайтында орналастырылады. Құжаттар тізіміне мыналар кіреді: 

     1) білім алушының өтініші; 

     2) Қазақстан Республикасы азаматы төлқұжатының көшірмесі; 

     3) ТжКОБ ұйымы мөрімен куәландырылған ағымдағы оқу үлгерімі туралы транскрипт; 

    4) В2 шет тілін меңгеру деңгейін растайтын халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL, Cambridge English, Duolingo); 

    5) 072/у медициналық анықтама (шетелге шығушылар үшін). 

  5. Академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға үміткерлерді конкурстық іріктеудің негізгі өлшемшарттары: 

    тиісті мамандық бойынша кемінде екі академиялық кезеңді аяқтау; 

    үлгерімнің орташа балы (GPA) кемінде 2.5 балл; 

    ағылшын тілін меңгеру деңгейі кемінде B2 (IELTSTOEFLCambridge EnglishDuolingo); 

    үміткердің 18 жасқа толуы.  

  6. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелде оқуға жіберуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың  білім беруді басқару органдары жүзеге асырады. 

  7. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелде оқуға үміткерлерді және ТжКОБ бойынша орындар санын айқындауды  мәслихат депутаттарын және үкіметтік емес ұйымдардың тәуелсіз сарапшыларын, сондай-ақ қоғам қайраткерлерін тарта отырып, құрамы кемінде 15 адамнан тұратын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органы құрайтын академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелде оқуға үміткерлердің санын және орындарды айқындау жөніндегі Комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асырады. 

    Комиссия төрағасы Комиссия мүшелері арасынан ашық дауыс беру жолымен Комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен сайланады. Комиссияның барлық мүшелері, оның ішінде төраға да, шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған кезде, төрағаның дауысы шешуші болады. Комиссия отырысы оған Комиссия құрамының кемінде жартысы қатысқан кезде заңды деп есептеледі. 

  Комиссия жұмысын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органы ұйымдастырады. 

  8. Академиялық ұтқырлық шеңберінде оқуға жіберу үшін үміткерлерді осы Қағидалардың 15-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қаражат есебінен іріктеу кезінде бірдей балл болған жағдайда: 

      1) GPA баллы жоғары үміткерлер; 

      2) шет тілі бойынша жоғары балы бар үміткерлер басымдыққа ие болады. 

    9. ТжКОБ ұйымы осы Қағидалардың 15-тармағының 2),  3) және 4) тармақшаларында көзделген қаражат есебінен қаржыландырылатын академиялық ұтқырлық бойынша білім алушылар үшін конкурс өткізу кезінде конкурс қорытындысы бойынша шешім қабылдайды.  

   10. ТжКОБ ұйымдарында осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес академиялық ұтқырлық бойынша шетелде оқуға үміткерлерді айқындайтын комиссия құрылады. 

   11. Академиялық ұтқырлық шеңберінде білім беру бағдарламалары бойынша оқуды растайтын қорытынды құжат қабылдаушы тараптың тіліндегі транскрипт  немесе оның болу еліндегі баламасы, міндетті түрде қабылдаушы тараптың қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасымен ағылшын тіліндегі түпнұсқалық транскрипті болып табылады. Транскриптке осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес оқыту бағдарламасы туралы мәліметтер енгізіледі. 

  12. Транскриптпен расталған оқу нәтижелерін ТжКОБ ұйымы қайта есепке алады. 

    13. Шетелде алынған кредиттерді Қазақстан Республикасында қабылданған кредиттерге қайта есептеу олардың санын аударым коэффициентіне бөлу жолымен жүзеге асырылады, оның мәні шетелдік жүйеде бір кредиттің толтырылуын ескере отырып айқындалады. Бұл ретте кредиттер тұтас бірлікте қалыптастырылады. 

ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК, ОРТА БІЛІМНЕН КЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ПЕДАГОГТЕРІНІҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ ТӘРТІБІ

1. Педагогтердің академиялық ұтқырлығын іске асырудағы ынтымақтастық үшін педагог, жіберуші және қабылдаушы білім беру ұйымдары арасында шарт/келісім жасалады. 

2. Педагогтердің академиялық ұтқырлығын қаржыландыру тәртібі жасалған шарт/келісім шеңберінде реттеледі. 

3. Жіберуші және қабылдаушы білім беру ұйымдары педагогтердің академиялық ұтқырлығы шеңберінде бағдарлама әзірлейді. Бағдарлама академиялық ұтқырлықтың мақсаттарын, ұзақтығын, оқу мазмұнын және басқа да маңызды аспектілерін анықтайды. 

 4. Педагогтерді іріктеу өлшемшарттары жіберуші және қабылдаушы тараптар арасындағы шартқа/келісімге сәйкес айқындалады. 

5. Академиялық ұтқырлық шеңберінде бағдарламаға қатысу кезеңінде педагогтің жұмыс орны мен орташа айлық жалақысы сақталады. Тұруға, жол жүруге, тәуліктік және басқа шығындарды жабу үшін педагог: 

  ТжКОБ ұйымының бюджеттен тыс қаражатымен,  

  жұмыс берушілердің немесе әлеуметтік әріптестердің гранттарымен, халықаралық қорлардың қаражаттарымен, демеушілік қаражаттарымен немесе қабылдаушы ұйымның қаражаттарымен; 

 өз қаражатымен пайдалану мүмкіндігі бар. 

 6. ТжКОБ ұйымы педагогтерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасына талдау жүргізеді. Талдау педагогтерден кері байланыс жинауды, қойылған мақсаттарға жету және бағдарламаның тиімділігі туралы мәліметтерді қамтиды. Өз білім беру ұйымына оралғаннан кейін педагог орындалған жұмыс туралы есеп береді.