Мемлекеттік рәміздер

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында күн бейнесі және астында қалықтаған бүркіт бейнеленген тік төртбұрышты көк түсті мата. Тудың сабының жағында ұлттық өрнек түріндегі тік жолақ бейнеленген. Күннің, оның шапағының, бүркіттің және ұлттық өрнектің бейнелері – алтын түсті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінді және көгілдір түсті фонда шаңырақ бейнесі күн сәулелерімен қоршалған түрде бейнеленген. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыздағы қанатты тұлпарлар бейнеленген. Жоғарғы жағында бесбұрышты жұлдыз, төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу орналасқан. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздағы қанатты тұлпарлардың және «Қазақстан» жазуының бейнелері – алтын түсті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘНҰРАНЫ
Бұрын «Менің Қазақстаным» деп аталған Қазақстанның Әнұраны 2006 жылғы 6 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Парламентпен бекітілді. Ол алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет Басшысының инаугурациясында орындалды.
Әннің авторы: Шәмші Қалдаяқов. Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.